Жыл басынан бері жедел медициналық жәрдем қызметіне Түркістан облысы тұрғындарынан 684 мыңнан астам шақырту түскен. Бұл туралы Түркістан облысы мәслихаты депутаттарының облыстық жедел медициналық жәрдем қызметінің жұмысымен танысуында белгілі болды. Өңірде жедел медициналық жәрдем қызметі көрсетілетін тұрғындардың саны 2 миллионнан астам. Азаматтар үшін 214 бригада жұмыс істейді. Оның 142-сі арнайы пост тобы болса, 72-сі емхана маңындағы орталықтарда жұмыс істейді. Ал, арнайы бригадалардың шақырту жеріне жылдам жетуі үшін 187 санитарлық көлік GPS навигациясымен жабдықталған. Елімізде жедел жәрдем көліктері қоңырау шалушыға 14 минутта жетуі шарт. Бұл көрсеткіш бойынша өңір дәрігерлері орта есеппен 14 минут 9 секундта жетеді. Ал, облыста науқастарға ең кеш жететін аймақтар тізімін Қазығұрт пен Ордабасы аудандары бастап тұр. Қос ауданның медицицна мамандары түскен қоңыраудың 29 пайызына кешігіп жететін көрінеді.