Түркістан қаласында атмосфералық ауаның ластануы 65%-ға төмендеген. Бұл - облыс пен қалада жүргізілген кешенді шаралардың нәтижесі. Яғни, мұның барлығы су жүйелерін жаңғырту мен жасыл алқаптардың көбеюінен, қаланың толықтай табиғи газ жүйесіне қосылуынан. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында арнайы брифинг өткізген Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев осылай деді. Басқосуда күні ертең өтетін «Облыстағы экологиялық жағдайды жасыл желектерді дамыту жолымен жақсарту және ауыл шаруашылығын дамыту мәселелері» атты халықаралық конференцияда қамтылатын мәселелер сөз болды. Айта кетсек, ауқымды шара Түркістан облысының 5 жылдығы және ҚР Ауыл шаруашылығы ғылым академиясының «Түркістан Білім тарату орталығы» ашылуына байланысты ұйымдастырылмақ.