Бүгін қазақ елі Темірғали Көкетаевты ақтық сапарға шығарып салады. Ол - Оксфордта дәріс оқыған алғашқы қазақ ғалымы. Оның жаңалығы әлемге жаңа технология ұғымын енгізді. Иманақтан шыққан әйгілі физик суық жарықты ойлап тапқан. Осы жаңалықтан кейін теледидар мен компьютерлер қызусыз жарық шығара алатын болды. Ұялы телефон да осы суық жарықтың арқасында шыққан. Ол Халықаралық биографиялық орталықтың шешімімен «ХХ ғасырдың ғұлама адамы» атанған. "Ғасыр адамы" атану – 100 жылда бір рет бұйыратын абырой. Дүниежүзін мойындатқан ғұлама өмірінің соңына дейін туған еліне қызмет етті. Оның есімі жоғары кәсібилік пен ғылымға деген адалдықтың символына айналды.