Түркістан облысында 8 ай ішінде 1 тонна 151 келі есірткі заты тәркіленген. Есірткімен байланысты қылмыстар бойынша 125 адам ұсталған. Интернеттегі мониторинг жұмыстарының нәтижесінде синтетикалық есірткі таратуы мүмкін 48 ақпараттық сайт анықталып, бұғатталған. Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің жанындағы Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бағытталған қызметін үйлестіру жөніндегі штаб мәжілісінің отырысында айтылды. Жиынға қатысқан Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев штаб жұмысын сынға алып, аймақта есірткіге қарсы күрес бағытындағы алдын алу шараларын күшейтіп, жұмысты жүйелеу керектігін ескертті.