Әлемдегі жасыл сутегі өндіретін ең ірі 5 зауыттың бірі елімізде бой көтереді. Маңғыстау облысында салынатын зауыттың жобасы дайын. Кәсіпорын жел мен күн энергиясын пайдаланып, жылына 2 миллион тоннаға дейін сутегі өндірмек. Жоба 2030-жылы іске қосылады деп жоспарланған. Кәсіпорынға маман дайындау қазірден басталды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен, Ақтау университеті жанынан «Қазақ-неміс тұрақты инженерия» институты құрылып, 30 студент білім алып жатыр. Зауыт ашылғанша, 1 мың инженер дайындалмақ. Қазір мамандар заманауи технологияларды пысықтап, өндіріс әдісін нақтылайды. Сөйтіп оған ғылыми тұрғыда баға берілмек. Осы мақсатта Ақтауда еліміздің және неміс ғалымдары бас қосып, жасыл сутегі өндірудегі әлемдік тәжірибе мен озық технологияларды талқылады. Сарапшылар энергетика саласын тұрақты дамытудың инновациялық тәсілдерін қарастыруда.