«Жыл өткен сайын Түркістанда халық саны көбейеді. Сондықтан жолдарды осы мәселені ескеріп, арнайы жоспармен, стратегиямен салу керек». Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қаладағы маңызды жолдардың құрылысын бақылап, жүргізіліп жатқан жұмыстарды тексеру барысында осылай деді. Аймақ басшысы, алдымен, облыстық маңызы бар «Түркістан-Қарнақ» автожолына барды. 21 шақырымды құрайтын жолдың жөнделу барысымен танысты. 2022 жылдың мамыр айында басталған екі жолақты жол 2023 жылдың қыркүйек айында бітеді деп жоспарлануда. Сонымен қатар Дархан Сатыбалды Түркістандағы Ә.Жангелдин көшесін қалпына келтіру жұмыстарымен де танысты. Ұзындығы 3,8 шақырым төрт жолақты жалпықалалық магистралды жол жыл соңына дейін аяқталуы тиіс.