Қазақстанда мектептерге жаппай шабуыл жасау туралы қауіп таралып жатыр. Жақында мұндай хабарламалар Қарағандыға да келді. Онда белгісіз біреу мектепте ойран салып, оқушыларға оқ жаудырамын деп қорқытқан. Хабарлама таратушы кем дегенде 700 оқушы зардап шегеді деп те ескертіпті. Полиция осы жағдайға түсінік берді. Қазір ақпаратты таратқан адамдар іздестіріліп жатқанын, барлық оқу орындарында күзет жұмыстары күшейтілгенін хабарлады. Десе де, ата-аналар алаңдаулы. Өйткені осындай хабарлама жыл басынан бері еліміздің бірқатар қаласында тарады. Ақтөбе мен Павлодарда әлдебіреулер мектепке барып, оқушыларға оқ жаудырамыз деп қорқытқан еді. Полицейлердің айтуынша, бұл хабарламалар халық арасында дүрбелең туғызуға бағытталған.