Суға келгенде көрші елдерге күніміз қарап тұр. Өйткені Қазақстанның трансшекаралық өзендерге тәуелділік коэффициенті 46%-дан жоғары. Бұл - үлкен көрсеткіш. Еліміздегі үлкен өзендер Ертіс пен Іле Қытайдан, Сырдария – Өзбекстаннан, Жайық – Ресейден, Шу мен Талас қырғыз жерінен ағып келеді. Осы орайда еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оның тапшылығы мәселесін шешу үшін су саласын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасы әзірленді. Бұл туралы Премьер министрдің қатысуымен өткен кеңесте мәлім болды. Жиында су қоймаларын салу және күрделі жөндеу, гидротехникалық құрылыстарды, ирригациялық жүйелер мен топтық су құбырларын реконструкциялау бойынша бірқатар шұғыл шаралар талқыланды. Әлихан Смайловтың айтуынша, жақын арада су үнемдеу технологияларын қолдануды ынталандырудың нақты тетіктерін әзірлеу қажет.