Елімізде ірі онлайн-казино желісінің жолы кесілді. Ауқымды бірлескен арнайы операцияны жүргізуге Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің үш мыңнан астам қызметкері жұмылдырылған. Тінту кезінде 23 атыс және травматикалық қару, 247 млн теңге, 55 млн Ресей рублі, 125 мың АҚШ доллары сондай-ақ басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленген. Нәтижесінде елде барлығы 326 лото клубтың қызметі тоқтатылды. Ал сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында бір ғана өңірдің лото клубтарының ай сайынғы жиынтық табысы орта есеппен 300 млн теңге екені анықталған. Ұйымдастырушылардың біреуінің ғана банктік шотына ай сайын шамамен 900 млн теңге түсіп отырған. Айта кетейік, соңғы жылдары елімізде лудомания белең алды. Ресми деректерге сәйкес Қазақстанда шамамен құмар ойындарына салынған 350 мың адам бар.