Мемлекет басшысы «Атлетико Мадрид» футбол клубының президенті Энрике Сересо Торресті қабылдады. Президентке елімізде «Атлетико Мадрид» футбол академиясын ашу жобасы таныстырылды. Онда дарынды футболшыларды тәрбиелеумен қатар, оларды әлемдік футбол лигаларына шығару үшін үздік тәжірибелерді енгізуге, жаттықтырушылар мен тәлімгерлердің біліктілігін арттыруға мән беріледі. Қасым-Жомарт Тоқаев испаниялық клубтың футбол әлеміндегі беделі зор екенін атап өтіп, Қазақстанда спорттың осы түрін дамытуға және тәжірибе алмасуға қызығушылық танытқаны үшін Энрике Сересо Торреске алғыс білдірді. Кездесу соңында Испаниялық футбол клубының президенті Мемлекет басшысына «Атлетико Мадрид» ойыншыларының қолтаңбасы қойылған жейде сыйлады.