Кентау қаласы әкімдігінің тұрғындарға, оның ішінде балаларға жағдай жасауға қаржысы жетпей отыр! Шаһарда бар болғаны 56 көпқабатты тұрғын үй болса, оның 33-інде әлі күнге ойын алаңы жоқ. Ал, жергілікті бюджеттің қаржысы жетпейді. Сондықтан, әкімдік асфальт төсеу, балалар ойын алаңын орнату сынды жұмыстарға республикалық бюджеттен 2 миллиард 800 миллион теңге сұратып отыр. Бұл туралы бүгінгі мәжіліс отырысында депутат Ұласбек Сәдібеков айтты. Ол Президент моноқалаларды дамытуға тапсырма беріп еді, бірақ әлі күнге дейін нәтиже жоқ, дейді. Мәжілісмен сондай-ақ, қаладағы өзге де инфрақұрылымның дамуы кешеуілдеп жатқанын көтерді.