Түркістанның символына айналған «Әзірет Сұлтан» мұражай-қорығы енді мемлекеттік қорғауда болады. Премьер-Министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды. Белгілі тарихи ескерткіш – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілген алғашқы қазақстандық нысан және ортағасырлық сәулет өнерінің бірегей ескерткіштеріне жатады. Оның маңызы мен тарихи-мәдени құндылығын ескере отырып, сондай-ақ оның сақталуын қамтамасыз ету мақсатында Үкімет «Әзірет Сұлтан» мұражай-қорығын мемлекеттік қорғауға жататын нысандар тізіміне енгізу туралы шешім қабылдады. Оның қауіпсіздігін енді ішкі істер органдарының тиісті бөлімшелері қамтамасыз етеді.