Астанада бірінші ауысымдағы мектеп оқушылары мен колледж студенттері қашықтан оқып жатыр. Бүгін күн қатты суытатындықтан мектептегі бірінші ауысымның бастауышынан бітіруші түлектеріне дейін онлайн оқуға көшкен. Ал колледждің 1,2 – курс студенттері болса қашықтан оқыту форматына ауыстырылды. Бұл туралы Астана қалалық білім басқармасы хабарлады. Бұған дейін Павлодар қаласындағы 1-ауысымдағы мектеп оқушылары да қашықтықтан оқуға көшкен болатын. Елордада осы уақытта термометр бағаны – 32 градусты көрсетіп тұр. Бұдан бөлек, Қарағанды қаласының білім бөлімі 16 қаңтар күні ауа райының қолайсыздығына байланысты бастауыш сынып оқушылары сабақты қашықтан оқитынын хабарлады. Ал Абай облысында күннің суығына байланысты кейбір мектеп оқушылары онлайн білім алады.