Түркістан облысында биылғы оқу жылы басталғалы – 619 колледж студенті оқудан шығарылыпты. Көбі әскерге аттанса, арасында академиялық демалыс алғандары да бар. Ал аймақта қазіргі таңда 1 курста оқитын 15 мыңнан аса колледж студенті бар екен. Олардың 3000-нан астамы білім басқармасы тарапынан мониторнинг жүргізілгенде сабақта болмай шыққан. Бұл өз кезегінде мемлекеттік білім беру тапсырысының дұрыс бағытта орындалып жатқандығына шүбә келтіруге сеп болады. Аталған мәселе бүгін Түркістанда өткен колледж басшыларының мәжілісінде қаралды. Жиында сондай-ақ ауылшаруашылығы саласында маман даярлауға баса назар аудару керектігі де айтылды.