Қазақ спорт журналистикасының негізін қалаған көрнекті қаламгер Сейдахмет Бердіқұловтың туғанына биыл 90 жыл. Мерейтойға орай Астанадағы Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде «Қазіргі қазақ спорт журналистикасы және медиакоммуникация мәселелері атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ғылыми-тәжірибелік конференцияда Сейдағаңның төл шәкірті Несіп Жүнісбайұлы, Қыдырбек Рысбек баяндама жасады. Уәлихан Қалижан, Сауытбек Әбдірахманов, Бауыржан Омар сынды журналистика ардагерлері Сейдахмет Бердіқұловтың редакторлық қырын, адами болмысын, ұстанымдары мен ұлт үшін жасаған еңбектерін еске алды. Конференция аясында оқу орнының Журналистика және саясаттану факультетінде Сейдахмет Бердіқұлов атында аудитория ашылды. Шараға қаламгердің шәкірттері, ардагер журналистер қатысып, ұстаз жайлы естеліктерімен бөлісті. Аудиторияда арнайы комментаторлық бұрыш жабдықталған. Білімгерлер сол жерден түрлі спорттық додаларды баяндауға машықтанады.