Премьер-Лига командалары арасында футболдан Қазақстан чемпионатының жаңа маусымы басталды. ҚПЛ-2023 алғашқы матчында "Ордабасы" мен "Каспий" өзара мықтыны анықтады. Шымкентте өткен кездесу 3:1 есебімен алаң иелерінің жеңісімен аяқталды. Дисквалификациядан 2 жыл өте футболға қайта оралған Бауыржан Исламхан алаңға шығып, ойынның 15-ы минутында жаңа маусымдағы бірінші голдың авторы атанды. 49-минутта Асхат Тағыберген есепті еселей түсті. Ал "Ордабасыға" жаңадан келген өзбекстандық Бобур Абухоликов есепті 3:0-ге жеткізді. 71-минутта Георгий Панцулая шымкенттік клуб қақпасына бір гол соғып, есеп айырмасын қысқартты. Айта кетейік, шымкенттік клуб матчты соңына қарай он адаммен қалды. 81-минутта Сергей Малый қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды.