Қытайда болған жер сілкінісі көршілес Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстанға да әсер етіп, жер асты дүмпулері тіркелді. Қырғызстанда жер сілкінісінің ошағы Бішкектен шамамен 400 шақырым қашықтықта болған. Оның магнитудасы 6,7 балды құраған. Ыстықкөл облысының Жетіқұз, Ақсу аудандарында жер асты дүмпулері қатты сезілген. Қаза тапқандар туралы ақпарат жоқ. Сейсмологиялық станциялар мәліметі бойынша, Ыстықкөл облысы аумағында дүмпу күші 7 балдан асқан. Қырғызстанның Төтенше жағдайлар министрі тұрғындарды сабырға шақырып, зілзала қаупі жайлы ақпаратты жоққа шығарды. Сондай-ақ, көршілес Өзбекстанда да 3-4 балдық жер сілкінісі тіркелді. Дүмпулер Ташкентте, Әндіжанда және Ферғанада қайталанды. Өзбекстан астанасы тұрғындарының ақпараты бойынша, жоғарғы қабаттардағы тербелістер 30-40 секундқа созылған.