Түркістан облысы Мақтаарал ауданында жылыжай шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Бүгінгі таңда оның көлемі өңірде 53 гектар алқапқа жеткен. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды мақталы аймаққа арнайы сапары барысында өңірдегі типтік үлгіде салынған «Абдужалил» жеке кәсіпкерлік жылыжай кешенінде болып, оның жұмыс барысымен танысты. Аумағы 9 гектар алқапты құрайтын аудандағы ең үлкен жылыжайда қызанақ, қияр, қырыққабат пен болгар бұрышы өсірілуде. Шаруалармен кездесуде аймақ басшысы «Ауыл аманаты» пилоттық жобасының мүмкіндіктері жайында кеңінен тоқталды. Айта кетсем, биыл «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру мақсатында бюджеттен 19,8 млрд. теңге бөлініп, 100 пайызға игерілді. Пилоттық жобаға 16 ауданнан 64 ауылдық округ енгізіліп, 75 жаңа кооператив ұйымдастырылды. Нәтижесінде, 3220 жоба қаржыландырылып, 3 413 жаңа жұмыс орны ашылды.