Түркістан облысында МӘМС қорының медициналық саланы қаржыландыруы 1,7 есеге артты. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуі - шалғайдағы елді мекендерде қызметтер спектрін кеңейтуге мүмкіндік берді. Бұл жөнінде сала мамандары баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Биыл Қормен 171 медициналық ұйым келісімшарт жасаса, олардың 77-сі ауылдық елді мекендерде орналасқан. Өткен жылы аудандық деңгейдегі медициналық ұйымдар тегін медициналық көмек шеңберінде - 100,5 млрд теңге, ал міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша - 111,1 млрд теңге көлемінде қаражат алған. Бұл қаржы алғашқы медициналық-санитариялық көмек, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, медициналық оңалту, стационарларда емдеуге жұмсалған.