Мемлекет басшысы Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізді. Жиында халық арасындағы құмар ойынға тәуелділік мәселелері сөз болды. Президент осы жаман әдетке, әсіресе, жастар әуес екеніне назар аударып, мемлекеттік органдарға азаматтардың жекелеген санаттары үшін құмар ойындарға қатысты шектеулерді күшейтуді тапсырды. Осыған байланысты мемлекет басшысы салалық министрліктерге нақты міндеттер жүктеді. Қасым-Жомарт Тоқаев құмар ойынға тәуелді азаматтардың қатысы бар қылмыстар көбейгеніне құқық қорғау органдарының назарын аударып, алдын алу жұмыстарын жүргізіп, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдау жөнінде тапсырма берді.