Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының 25 түлегі Түркістан облысында еңбек етуде. Ал мемлекеттік қызметшілердің 95%-дан астамы жоғары білімді, оның ішінде, «Болашақ» бағдарламасының 12 түлегі бар. Түркістанда президент жанындағы мемлекеттік басқару академияға түсу талаптарын түсіндіру мақсатында Академия ректоры Ерлан Қуанышұлымен арнайы кездесу өтті. Жиында академияның жастарға беретін мүмкіндіктері таныстырылды. Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұловтың айтуынша, биыл жалпы ішкі конкурстардың нәтижесі бойынша мемлекеттік қызметшілердің 69%-ы, яғни 83 адам жоғарғы лауазымға тағайындалған. Басқосуға қатысқан 35 жасқа дейінгі мемлекеттік қызметкерлер Мемлекеттік басқару академиясының ректоры мен Әдеп жөніндегі кеңес төрағасына көкейдегі сұрақтарын қойып, тұшымды жауап ала алды.