Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев пен Ұлттық Олимпиада комитетінің басшылығы Канвон провинциясының Каннын қаласындағы Олимпиада қалашығына барып, спортшылар және жаттықтырушылармен кездесті. Делегация өкілдері қазір Қазақстаннан келетін спортшылардың екінші кезегін қалашыққа орналастыру, жаттығу кестесін үйлестіру бойынша жұмыс істеп жатыр. Айта кетейік, IV қысқы Жасөспірімдер Олимпиадасының салтанатты ашылу рәсімі бүгін 19 қаңтарда Каннын қаласындағы конькимен жүгіру спорт кешенінде болады. Ал жабылу салтанатын 1 ақпанда Olympic Park спорт кешені қабылдайды. Канвон-2024 ойындарына 14-17 жас аралығындағы әлемнің 80-ге жуық елінен келген 1 800 спортшы қатысады. Мұнда 7 спорт түрінің 15 бағдарламасы бойынша 81 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстанның намысын 5 спорт түрінен 41 атлет қорғайды.