Бүгін Түркістанда Неке тур байқауы басталды. Екінші рет ұйымдастырылып отырған ерекше жобаға 100-ге жуық жұп өтінім берген. Іріктелген 20 жұп түрлі номинациялармен марапатталды. Мәселен, Шаңырақ номинациясының иегерлері – Түркістанға бару-қайту, қонақ үйде тұру, кешкі ас ішу, дәстүрге сай неке қиюға жолдама алды. Өтінім берушілер, өмірлеріндегі ерекше күнде рухани мекенде неке қию – көптен ойлаған тілектері екенін айтты. Өйткені жұптар тек некесін қиып қана қоймай, Түркістан облысының көрікті жерлеріне саяхат жасап, маңызды күнді есте қаларлықтай етіп өткізеді. Атап айтқанда, іс-шараның екінші күнінде танымдық және экскурсиялық бағдарлама ұйымдастырылып, қатысушылар Арыстан баб және Гаухар ана кесенесі мен Отырар қалашығы, Отырар музейінің тарихымен танысады.