Оңтүстік өңірлерде газ құбырларының жарылу қаупі бар. Бұл туралы «ҚазТрансГаз Аймақ» мәлімдеді. Алматы, Талдықорған, Шымкент қалаларын, сондай-ақ Жамбыл және Түркістан облыстарында анықталған бұл жағдайға жер сілкінісі себеп болған. Соның салдарынан құбырлар жарылып, ауаға газ таралуы мүмкін болып тұр. Мұны мамандар жер дүмпуі болған сәттен бастап газ құбырлары мен жабдықтарын тексеру барысында байқаған. Жер сілкінісінің алғашқы күні Түркістан облысы Ордабасы ауданы Қайнар елді мекенінде орташа қысымды жерасты газ құбырында көгілдір отынның ауаға таралып жатқаны анықталған. Салдарынан Ордабасы ауданының 7 елді мекеніне газ беру уақытша тоқтатылып, шұғыл түрде жөндеу жұмыстары жүргізілді. Тұрғындар көп ұзамай көгілдір отынға қайта қосылады.