ҚР Президенті Әкімшілігінің және аудандық мәслиxатының келісімімен, Түркістан облысы әкімінің өкімімен Азат Оралбаев Ордабасы ауданы әкімі қызметіне тағайындалды. Жаңа әкімді аудан активіне өңір басшысы Дархан Сатыбалды таныстырып, алдағы мақсат-міндеттерін айқындап берді. Ал, бұған дейін ауданды басқарған Нұрбек Бадырақовқа алғыс білдіріп, алдағы қызметіне сәттілік тіледі. Айта кетейік, Азат Оралбаев 1983 жылы Ордабасы ауданында туған. Алматы экономикалық университетін әлемдік экономика мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 2003 жылы Ордабасы ауданы, Бадам ауылында "Батсу" ЖШС-нің кадр бөлім меңгерушісі болып бастаған. 2017 жылдан қазіргі уақытқа дейін Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келді.