Бүгін байрақты бәсекенің алауы тұтанады. Ашылу салтанаты Астана уақыты бойынша сағат 22:30-да басталады. Төртжылдықтың басты спорт додасының шымылдығы ерекше түрілмек. Жазғы Олимпиада ойындарының тарихында тұңғыш рет барлық қатысушы елдердің делегациясы Сена өзенімен жүзіп өтеді. Яғни, 10 500 спортшы Париждің орталығын өзен бойымен кесіп өтеді. Төрткүл дүниенің 200-ден астам елінен келген өкілдері олимпиада қалашығына орналасқан. Ол атақты Эйфель мұнарасының маңында. Айта кетейік, Қазақстан ұлттық құрамасында спорттың 25 түрінен 93 лицензия бар. Алғашында Қазақстанның атынан 80 спортшы қатысады деп жоспарланған. Жерлестерімізді қолдау үшін қазақстандық жанкүйерлердің алғашқы легі Францияға жетті. Олардың дені былғары қолғап шеберлері мен палуандарға сенім артатынын жеткізді.