Бұдан былай отан алдындағы борышын абыроймен өтеген сарбаздар ҰБТ тапсырмай-ақ жоғары оқу орнына түсіп, қалаған маман иесі бола алады. Жеңілдік тек әскерге барып келгендерге жасалады. Бұл туралы Тлеухан Басхожаев Түркістанға сапары барысында айтты. Жоба жастардың әскери қызметке деген қызығушылығын арттыру мақсатында қолға алынып отыр. Ол үшін алдымен сарбаздың үлгілі тәртібі мен жеке қасиеттері ескеріледі. Еліміздегі 70 тен астам жоғары оқу орны бұл бастаманы қолдауға әзір. Бұған елімізде 3000-нан астам квота бөлініп отыр. Айта кетейік, еліміз бойынша 18 мыңнан астам азамат көктемгі әскери науқанына шақырылады. Сондай-ақ, әскер қатарына алынған жастар борышын өтеу кезінде несие төлеуден уақытша босатылады. Қазір екінші деңгейлі банктермен бұл жөнінде келіссөз жүріп жатыр екен.