Өзбекстаннан келетін арықтың суын ауызсу ретінде тұтынып отырған Сарыағаш ауданы тұрғындарының мәселесі жауапты министрліктің бақылауына алынды. Айта кетсек, бұған дейін 50 мыңға жуық тұрғыны бар жеті ауыл өлексе ағып келетін каналдан су ішуге мәжбүр болып отырғанын айтып шағымданған еді. Жергілікті жұрт аурудан қауіптеніп, мемлекеттен мәселені реттеуді сұрады. Қазір жағдайды жан-жақты зерттеу үшін Қазақстан мен Өзбекстан мамандарынан құрылған жұмыс тобы жасақталды. «Қазір екі бірдей мекемеде қажетті сынамалар зерттеліп жатыр. Нәтижесі бойынша жергілікті атқарушы органдарға тапсырма берілетін болады», - дейді Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері. Әзірге қос тарап ауызсудың сапасын қадағалауға уағдаласқан.