Тұрғын үй басқармасының басшысы ұсталды. Оған көпқабатты тұрғын үйлердің сейсмологиялық жағдайын тексеруге бөлінген қаржыны жымқырды деген айып тағылып отыр. Шымкентте прокурорлық тексеріс барысында салада мемлекеттік сатып алу талаптарының өрескел бұзылғаны анықталған. Басқарма қызметкерлері 250 миллион теңгені мүдделес серіктестіктерге бір көзден берген. Тапсырыс бойынша бұл қаржыға шаһардағы 200-ден аса көпқабатты үйдің зілзалаға шыдамдылығы тексерілуі керек болған. Алайда бұл қағаз жүзінде ғана орындалып, баспаналар сынақтан өткізілмеген болып шықты. Келтірілген залалдың алдын ала сомасы -120 млн теңге. Қатар жүрген қаржылық тергеу барысында шенеуніктің анасына рәсімделген Түркістан облысы Қазығұрт ауылында монша кешенін салу арқылы жымқырылған қаражатты заңдастырды деген нұсқа да тексеріледі. Қазіргі уақытта күдікті Шымкент қаласы полициясының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр.