Бүгін Түркістан қаласында түркі елдерінің өкілдері арасында туристік форумы өтіп жатыр. Келелі жиынның басты мақсаты – түркі әлемінің туристік астаналары арасында өзара тиімді ынтымақтастық орнату және 2024 жылы түркі әлемінің келесі астанасы ретінде Түркістан қаласымен таныстыру. Форумда Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев бірқатар бастамалар мен кешенді шараларды ұсынды. Мұнда алты бағыт қарастырылған. Атап айтқанда, Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің ірі қалалары арасында авиарейстер санының арттыру көзделіп отыр. Сондай-ақ туристік өнімдерді құру және «Жібек жолы» заманауи турмаршрутын дамыту маңызды екені айтылды. Айта кетейік, күні кеше Түркі мемлекеттері ұйымы мүше елдердің туризм мәселелеріне жауапты министрлер отырысы аясында Түркістанды 2024 жылға арналған Түркі әлемінің астанасы деп жариялау бастамасы мақұлданған еді. Осы шешім туралы ресми хабарландыру ел басшыларының жақын арадағы саммитінде жоспарлануда.