Арыста жаңадан мешіт ашылып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Көктем-2 мөлтек ауданында орналасқан «Қыдырбай қажы» мешіті жеке кәсіпкер Өміров Бақберген Қыдырбайұлының қолдауымен бой көтерген. Мұнда бір мезетте 400 адам құлшылық ете алады. Мешіттің салтанаты ашылуына жергілікті тұрғындар, кәсіпкерлер, мешіт қызметкерлері және Арыс қаласы әкімінің орынбасарлары Алмаз Сұлтанов пен Ерғали Омарұлы, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Тәңірберген Әсіл, Арыс қаласының бас имамы Қажымұқан Қазыбаев қатысты. Ашылу салтанатында әкім орынбасары Алмаз Сұлтанов барша жамағатты мешіттің ашылуымен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді. - Рамазан айының қарсаңында жаңа мешіттің ашылуымен барша тұрғындарды құттықтаймын. «Бақ берерде елге ырыс қонады, ұстанған жолы дұрыс болады», - демекші, осындай иігілікті шараларымыз көп болғай, еліміздің бірлігі мен ынтымағы арта берсін, - деген ықыласын жеткізді. Бұдан соң мешіттің ашылуына жиналған көпшілікке ас беріліп, құран бағышталды.