Облыс орталығындағы «Бекзат» тұрғын алқабында тұрғындар Наурыз-думан өткізіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеді. Әз-Наурыз мерекесіне арналып ұйымдастырылған шарада жылдағы үрдіс бойынша мұқтаж жанұяға баспана кілті табысталды. Игі іске мұрындық болған 1992 жылы туған азаматтарға алғыс білдірген қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков жаңа үйдің лентасын қию рәсіміне қатысты. Ұйымдастырушылардың бірі Нұрбек Әшіровтің айтуынша, көп болып жұмылып, бірлікпенен тірлік қылған құрдастардың ізгі амалды жүзеге асыруда үлесі мол. “3 бөлмелі заманауи тұрмыстық техникамен жабдықталған жаңа үйдің кілті көпбалалы жалғызбасты анаға табысталады. Сауабы мол іс 1988 жылғы азаматтардан бастап қолға алынып, жыл сайын дәстүрге айналған. Қуаныштымын әрине. Біз әрқашан жалынды, патриот жастармен мақтанамыз. Қайырымдылық эстафетасын жалғаған жастар үйдің құрылыс жұмыстарын түгелдей өз күшімен жүргізгені шынында құрметке лайықты әрекет”,- деді Нұрбол Әбдісаттарұлы. Думанға толы мерекелік күнде жиналған көпшілікке ас беріліп, шара концерттік бағдарламаға ұласты. Қазақша күрес, арқан тарту, қошқар көтеру, қол күресі түрлерінен сайыс, көкпар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға қаржылай сый-сияпаттар ұсынылды. Жуырда кіші футболдан Бекзат Саттархановты еске алуға арналған турнир өткізіліп, нәтижесінде 1985, 1997, 2004 жылы туған азаматтар жүлделі орындарды иеленді.