Түркістан облысында 201 мың көшет отырғызылып, 317 мың ағаштың түбі әктелді. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды аудан, қала әкімдеріне мәжіліс өткізіп, көгалдандыру жұмысын әлі де болса күшейту қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ, жауаптыларға біршама тапсырма жүктеді. Мәжілісте абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстарын сапалы жүргізбеген аудан, қала әкімдерінің жұмысына кезекті рет сын-ескертпе айтылды. Айта кетсек, 2024 жылы наурыз айынан бастап 3 рет сенбілік ұйымдастырылған. Соның барысында, аудан қала әкімдіктері тарапынан 201 мыңнан астам ағаш көшеті отырғызылып, 317 030 ағаш әктелді. 1152 көшенің бойы, 265 шақырым аяқ жолдары тазаланып, 2 710 тонна қоқыс шығарылған. Дегенмен өңір басшысы мұндай жұмыстарды әлі де күшейту керегін ескертті. ДАРХАН САТЫБАЛДЫ – ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ – Әкімі қандай болса, көшесі сондай болады. Бірнеше рет бұл мәселе бойынша тапсырма берілді. Бірнеше аудан, қалада ғана сәл нәтиже, қозғалыс бар. Қалғандары әлі де немқұрайлы қарап отыр. Біз тазалық пен абаттандыру бойынша жұмысты жыл бойы талап ете береміз. Егер оны орындай алмайтындар болса, басқа шара қолданамыз. Барлық аудан, қалада тазалыққа жауапты коммуналдық мекеме болуы тиіс. Мұндай мекемесі жоқтары басынан жасақтасын. Білім, денсаулық, мәдениет, спорт және өзге де мекемелер өздері орналасқан аумақтың тазалығына, көгалдандырылуына жауапкершілікпен қарасын. Әр ауданды сектор, көшеге бөліп, тазалық жұмыстарын жалғастырыңыздар. Тазалық шараларына тұрғындар да атсалысуы тиіс. Бұл – бәрімізге ортақ жұмыс. Іс-шараларды, жұмыс барысын жүйелеңіздер Қазір өңірді баптап, таза ұстау үшін мобильді топтар құрылды. Ал ол топ құрамында аудан, қала және ауыл округтерінің қызметкерлері, белсенді азаматтар, қоғамдық жұмысшылар бар. Мобильді топтың аралау кестесі бекітілді. Олар қажетті құрал-сайманмен қамтылды. Қазір онда Тазалықты сақтау жөнінде ақпараттық және насихат жұмыстары жүріп жатыр. ЗҰЛПЫХАР ЖОЛДАСОВ – ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ – Мемлекет басшысының осы салаға қатысты тапсырмаларын орындау мақсатында 2024-2026 жылы қалаларды көгалдандыру және абаттандыру бойынша жол картасы бекітілген. Жол картасын және облыс әкімінің тапсырмаларын орындау бағытында тиісті жұмыстар қолға алынған. Ескерте кетерлік бір жайт, қала мен елді мекендердің аумақтарында абаттандыру жұмыстары мен жасыл желекке нұқсан келтіргендерге әкімшілік жаза бар. Мәселен биыл облыс аумағында жоғарыда аталған мәселелерге байланысты заң бұзып, тазалыққа, инфрақұрылымға нұқсан келтірген жүздеген тұрғынға жалпы 81,1 млн теңге айыппұл салынған.