Түркістан облысында жүзім шаруашылығын дамыту қолға алынбақ. Бұл бағытта облыс әкімі Дархан Сатыбалды инвесторлармен кездесіп, «INVEST IN HAYOT» компаниясының басшылығына өңірдегі инвестициялық жобаларды таныстырды. Аймақ басшысы өзбекстандық ірі компаниямен жаңа іскерлік байланыстар орнатып, өзара тиімді қарым-қатынастарды дамытуға әрдайым ашық екенін жеткізді. Компания агро-логистикамен айналысады. Жаңа піскен көкөністер мен жемістерді сақтау мен экспорттауда озық технологияларды енгізуде алдыңғы қатарда. Қазақстан, Ресей, Тәжікстан, Үндістан, Ливан, Египет, Германия, Қырғызстан, Грузия елдерімен белсенді жұмыс жүргізеді. Жүзімнің сан алуан түрі мен өзге де жеміс-жидек пен көкөністерді шетелге экспорттауда агроконсалтинг қызметтерін көрсетеді.