Түркістан облысында қосымша кіріс көздерін анықтау, салықтан жалтарудың алдын алу бағытында жұмыстар күшейеді. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте осы мәселе талқыланып, алдағы жоспарлар сараланды. Өңір басшысының айтуынша, салықты заңға сай төлеуден жалтарып, түрлі әдіс-тәсілдерді қолданушылар арасында ірі компаниялар, сауда орындары, базарлар мен тойханалар бар. Сонымен бірге таулы аудандардағы демалыс орындары да салық декларациясы бойынша бағалау құнын төмендетіп көрсеткен. Алкоголь өнімдерін лицензия алмай саудалайтын дүкендер де көп. Осындай олқылықтардың салдарынан әлеуметтік және жеке табыс салықтары, лицензиялық алымдар бойынша бюджетке түсетін кіріс азайған.