Тұрғындар газсыз отырғанда, сіздер сылтау айтып отырсыздар. Түркістан облысының әкімі атқамінерлердің сылбыр қимылын сынға алып, жауаптыларға мәселені шешуге бір ай уақыт берді. Өңірдегі өзекті мәселелері бар газ нысандарын жаппай тексеруді тапсырды. Әуелі өңір басшысына облыстағы проблемалы 10 автоматтандырылған газ тарату стансаларының бүгінгі жағдайы баяндалған. Алайда олардың бірінің құжаты толық аяқталмаса, енді бірінде жөндеуден кейін ақау шыққан, ал тағы бірін қайта жаңарту қажет екені белгілі болған. Олардың басым бөлігі Сарыағаш пен Келес аудандарында орналасқан. Жылдар бойы іске қосылмай тұрған маңызды нысандардың жай-күйімен танысқан Дархан Сатыбалды осы уақытқа дейін олардың құжаты мен құрылысын созбалаңға салған жауаптыларға ескерту айтып, мәселені мұқият қарастыруды міндеттеді.