Түркістан облысының негізгі драйвері – туризм. Сондықтан мұнда туризм саласын дамыту, оның әлуетін арттыру - бүгінгі күннің басты талабы. Түркістан қаласы облыс орталығы болғалы түрленіп жаңарған қала туристер тартатын орындармен толықтырылуда. Туристерге көрсетілетін қызмет сапасы да жоғарылап, түрлі нысандар бой көтеруде. Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің аумағы толықтай түрленіп, сән-салтанаты жарасқан орынға айналған. Кесенеге қарама-қарсы бетте қазір Ұлы дала елі орталығы, Ясауи музейі, Туризм және меймандостық университеті, кітапхана мен саябақтар бой көтерді. Қалаға қыдырып келген қонақтар оның бәрін бір күнде аралап бітпейді. Сондықтан асықпай қонақ үй жалдап, жата-жастана барлығын шетінен тамашалайды. Туристерге барлық жағдай жасалған.