Түркістан облысында алғаш рет бизнес және туризм өкілдерінің басын біріктірген форумда ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, экспорт, логистика саласында келісімдер жасалды. Осылайша 1 трлн. 55 млрд. теңгенің меморандумына қол қойылды. Атап айтқанда Сауран ауданында тоңазытқыш қондырғылар өндірісін кеңейту, Созақ ауданында фосфатты тау жыныстары кендерін өңдеу зауытының құрылысы, «Шардара» экспорттық агроөнеркәсіптік кластерін құру, Мақтаарал ауданында тоқыма кластерін құру көзделіп отыр. Келес ауданында индустриалды парк құрылысы, Кентау байыту комбинатын іске қосу, Жетісай ауданында тоқыма фабрикасын құру, Бәйдібек ауданында тауық жұмыртқасын өндіретін құс фабрикасын құру бойынша келісімдер жасалды. Маңызды жиында инвесторларға инвестициялық жобалармен және оларды өңірде іске асыру үшін жағдайлармен танысуға мүмкіндік берілуде. Жобаларды бірлесіп дамыту үшін бизнес-қоғамдастық, жергілікті билік және инвесторлар арасында стратегиялық серіктестіктер орнатылып, тәжірибе және білім алмасады.