Үкіметтің резервінен жаңа үй салуға қаражат бөлінеді. Премьер министр Олжас Бектенов су тасқыны зардаптарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысында осылай деді. Үкімет басшысы апаттан келтірілген залалдың көлемін бағалауды бастап, зардап шеккен адамдарға дереу материалдық көмек көрсетуге кірісу керек екенін айтты. Төтенше жағдайдың салдарынан қираған үйлерді қалпына келтіру жұмыстары мен салуға Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың резервтерінен қаражат бөлінетін болады. Үйі апатты деп танылған зардап шеккен азаматтардың тізімін жергілікті әкімдіктер жасайды.