«Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі алғаш рет халықаралық деңгейде өтеді. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қарсаңында өтетін бәйгеге арнайы Ботай- Бозоқ бағыты таңдалып алынған. Кемінде шетелдік 15 команда бақ сынайтын айтулы жарыстың жалпы қашықтығы - 400 шақырымды құрайды. Марафон-бәйгенің Ботайдан басталуының басты бір себебі – ғалымдардың зерттеуінше адам баласы жылқы малын дәл осы жерде алғаш рет қолға үйреткен деп есептелінеді. Ал, Астана қаласының түбіндегі Бозоқ қалашығы VIII-X ғасырлардағы көне түркілердің киелі мекені болып саналады.