Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданында жылқылар азық таппай қырылуда. Мал қолға қараған соң елдің шөбі таусылған. Жығылғанға жұдырық болып, шөп бағасы тоннасына 120 мың теңгеге жеткен. Ауыл ақсақалдарының айтуынша, мұндай ауыр жұт арқада 1968-1969 жылдары, ескіше Мешін мен Тауық жылдары болған. Осы жағдайдан соң өңірге Ауыл шаруашылығы министрлігінен арнайы мамандар барды. Ведомство өкілдері жылқылар «жем-шөптің аздығынан өлген жоқ» дейді. Өткен күзде облыста мал азығын дайындау үшін шаруаларға 1,4 млрд субсидия берілген. Мал басын сақтандыруға бөлінген 50 млн теңге де игерілмеген. Анықталғандай өңірде бірде-бір бас мал сақтандырылмаған екен. Еске сала кетейік, дәл осындай жағдай еліміздің өзге де өңірлерінде болып жатыр. Ақмола облысының өзінде 1 мыңнан астам жылқы аштан қырылған.