Қазақстан мен Қытай арасында үшінші теміржол желісі салынады. Бұл туралы Сиань қаласында Мемлекет басшысының қатысуымен өтіп жатқан қазақ-қытай инвестициялық отырысында айтылды. Оған Қытайдың ең ірі компания басшылары қатысты. Мемлекет басшысы бизнесмендерге біздің елдің инвестициялық мүмкіндіктерін айтып берді. Жиын қорытындысы бойынша бірқатар іргелі жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға келісті. Тараптар 1 гигаватт қуат өндіретін жел электр стансасын салу туралы уағдаласты. Сонымен қатар көп ұзамай бізде мыс қорыту зауыты салынады. Жалпы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға мемлекеттік сапары аясында құны 22 миллиард доллар болатын 47 құжатқа қол қойылды.