Ата-бабадан ұрпаққа қалған басты мұра – мемлекеттілік. Бүгін Түркістанда ғалым, профессор Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың «XVІ-XIX ғасырлардағы еуропалық және америкалық карталардағы Қазақ мемлекеті» атты галереясы ашылды. Ғалым бұл зерттеуге 17 жылын арнаған. Автордың айтуынша, басты мақсат - Қазақстанның әлем карталары мен атластарында бейнеленген үздіксіз мемлекеттілігін растау. Әрине, мұнда саяси атрибут та жоқ емес. 1465 жылы Қазақ хандығы құрылған сәттен бастап мемлекет атауы Бельгия, Нидерланд, Англия мен Франция, Италия, Германия, және АҚШ карталарында тұрақты түрде кездесіп отырған. Ал бүгінде елімізге қатысты бас-аяғы 400-ден астам карта табылған дейді ғалым.