Елімізде жыл сайын Абай, Шәкәрім, Ыбырай сынды халқымыздың ұлы тұлғаларының оқулары өтіп, шығармалары насихатталып жатады. Ал Түркістан облысында осымен үшінші мәрте «Ыбырай жазулары» байқауы ұйымдастырылып отыр. Елде жоқ байқау биыл облыс орталығындағы Бауыржан Момышұлы атындағы нөмірі 22 жалпы білім беретін мектепте өтті. Оған өңірдің түкпір-түкпірінен 75 ұстаз қатысты. Аталған іс-шара қазақ даласына алғаш мектеп ашқан, орыс жазу таңбалары негізінде қазақ әліпбиін құрастырушы – Ыбырай Алтынсариннің тарихи-әдеби еңбектерін насихаттауға, педагогтардың шығармашылық қабілетін арттыруға бағытталған.