Енді қазақстандықтарға зейнетақы қорындағы алынған ақшаны пайдалануына көбірек уақыт беріледі. Сондай-ақ ұсынылып отырған жаңашылдықтардың бірі, зейнетақы қорынан алынған ақшаны ипотекалық несиені өтеуге жұмсауға мүмкіндік береді. Ол үшін келісімшарт жұбайының атына жасалуы керек. Тағы бір маңызды өзгеріс – зейнетақы жинақтары арқылы тұрғын үй салу мерзімін ұзарту. Бірақ келісілген соманы алу тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы шарт күшіне енген күннен бастап үш жыл өткен соң жүзеге асырылады. Сондай-ақ, жеткілікті сома жиналу үшін қаражатты сақтау мерзімі сегіз жылға дейін ұзартылмақ. Заң жобасын әзірлеушілердің айтуынша, бұл кезең азаматтарға жер телімін сатып алуға да, үй салуға да мүмкіндік береді.