Отбасы банкі "Наурыз" жаңа ипотекалық бағдарламасының шарттары туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz."Отбасы банкі" басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшановтың айтуынша, бағдарламаның шарттары келесідей болады: әлеуметтік осал азаматтар үшін жылдық 7% мөлшерлеме; қалған санаттағы азаматтар үшін жылдық 9% мөлшерлеме; 20% - бастапқы жарна; 19 жылға дейін – несиелеу мерзімі. "Қазақстанның барлық азаматтары, сондай-ақ 18 жастан 63 жасқа дейінгі қандастар үміткер бола алады. Бірақ, соңғы бес жыл ішінде сізде жылжымайтын мүлік немесе меншік құқығындағы жылжымайтын мүлік бойынша әрекеттер болмау керек. Сондай – ақ, алдыңғы "Отау" бағдарламасынан айырмашылығы, біз депозит мерзімі бойынша шарттар қоймаймыз, яғни сіз депозитті 30 Сәуірде ашып, 1 млн теңгеге толықтыра аласыз және іріктеуге қатыса аласыз", - деп атап өтті Нұрлан Ақшанов Үкіметтегі брифингте. "Наурыз" бағдарламасы бойынша қолжетімді барлық жылжымайтын мүлік "Баспана маркет" порталында орналастырылады. Бірінші жылы 300 млрд теңге сомасына 12 мың қарыз және одан әрі жыл сайын 8 мың қарыз беру үшін 200 млрд теңгеден беру жоспарлануда. "Қарыздар Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және облыс орталықтарында бастапқы тұрғын үйге және моноқалалар мен ауылдық елді мекендерде қайталама тұрғын үйге берілетін болады, бірақ жылына бөлінген қаражаттың жалпы көлемінің 30% – дан аспайды", - деп нақтылады өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев. Жалпы, бағдарлама сегіз жылға созылады. Биыл жеткілікті ақша жинамаған немесе 18 жасқа толмаған адамдар болашақта бағдарламаны пайдалануға мүмкіндік алады.