Елімізде бірінші сыныпқа құжат қабылдау басталды. Жылдағы дәстүр бойынша ата-аналар өтініштерін электронды түрде өткізу қажет. Алайда таңнан бері eGov.kz веб-порталындағы 1 сынып оқушыларының құжатын қабылдайтын бөлім жұмыс істемей тұр. Ата-аналар құжатты қалай тапсырып жатыр? Тілшіміз Динара Жақсыбайқызы анықтап көрді. Динара ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ, ТІЛШІ: Қазір құжат тапсыруға келген ата-аналарды мектеп басшылығы кері қайтарып жатқан жоқ. Олар балалардың құжатын сканерлеп алып қалып жатыр. Мен тұрған мектептің әкімшілігі таңертеңнен бастап 10-нан аса ата-ананы қабылдаған. Елордадағы бұл білім ордасына биыл 280 бала бірінші сыныпқа қабылдануы тиіс. Бірақ жыл сайын мектеп табалдырығын аттайтын бала саны мұнан біраз артық болады. Сондықтан жаңа оқу жылына өтініш беру басталған күннен бастап ата-аналар легі артады. Бүгін де таң азанмен электронды порталға телміріп, құжат өткізе алмағандар мектепке қарай ағылды. Мәриям АМАНГЕЛДІҚЫЗЫ, №87 МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Егов порталындағы техникалық ақаулықтардың болып жатқаны туралы түсіндірме жұмысы жүргізілді. Ата-аналардың құжаттары мектепте қабылданып алынды. Портал қалай жұмыс жасайды, ол құжаттар міндетті түрде порталға енгізіледі. Сондай-ақ ата-анаға хабарландыру жіберіледі. Техникалық ақауға байланысты құзырлы министрлік өкілдері түсінік берді. Қызметті қалпына келтіру бойынша барлық қажетті жұмыстар жүргізіліп, жағдай қалыпқа келетінін хабарлады. "ҰЛТТЫҚ АҚПАРАТТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР" АҚ ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС БАСҚАРМАСЫ: «Білім беру ұйымдарына (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, арнайы) құжаттарды қабылдау және оқуға қабылдау» қызметі қазіргі уақытта қолжетімді емес, бірақ eGov порталы қалыпты түрде жұмыс істеп тұр. ҚР Оқу-ағарту министрлігі тарапынан бұл қызметті қалпына келтіру бойынша барлық қажетті жұмыстар жүргізілуде және қызмет жақын арада қолжетімді болады. Бірінші сыныпқа құжат қабылдау 31 тамызға дейін жүргізіледі. Биыл жаңа оқу жылында 370 мыңнан астам бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды.