Танымал отандық видеограф Қыран Талапбек жылдық табысы және компаниясы туралы айтты. Бұл туралы ол Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында бөлісті, - деп хабарлайды Massaget.kz.Қыран Талапбек өзімен бірге компанияда 34 адам жұмыс істейтінін айтты."Бізде жылдық табыс деген нәрсе жоқ. Себебі біздің компания бірнеше жерде бар. Қазақстанда және шетелдік компанияларда. Біз фрилансерлермен жұмыс істейміз. Біздің жылдық табысымыз бірде 100-150 миллион болса, кейде 20 миллион болады. Бір кездері 200 миллионға дейін барады, кейде тіпті 5 миллионға дейін түсіп кетеді. Қысқасы, тапсырыс көп болса, жұмыс болады. Бізде үнемі тапсырыс болады, бірақ қазір тапсырысымыздың көпшілігі шетелден түседі. Біз жұмыс істеген шетелдік белді компаниялар: Apple, Lexus, Toyota, Kia", - дейді ол жетістіктері жайлы. Мобилограф өзі туралы тағы бір қызық деректі бөлісті."Автокөліктер - жұмыс істеуге ынталандыратын жалғыз мотивациям. Басымда бек көлігім бар, бірақ басымда үй болмаған кездер болды. Әлі күнге дейін әке-шешеммен бірге тұрамын. Мен соңғы ақшамды бір көлікке жұмсауға дайын тұрамын. Адам өзінің күнделікті қажеттілігін жауып отыратын жағдайға жетсе, ары қарай жұмыс істеуге мотивациясы болмай қалады. Ондай жағдай менің де басымнан өткен. Бір қарасам маған көлік ұнайды екен. Бір көлікті аламын деп мақсат қоямын, сол үшін жұмыс істеймін", - дейді Қыран Талапбек.