Елімізде жасөспірімдердің 6 процентке жуығы электронды темекі тартып көрген. Олардың арасында тіпті 11 жастағы балалар да бар. Әлеуметтік желі мен дүкен сөрелерінде еркін саудаланып жүрген құрылғыға олар неге құмар? Адам ағзасына тигізер зиянын білмей ме, әлде, бұл тренд пе? Әріптесім Сүндет Оралбеков айтсын.Сүндет ОРАЛБЕКОВ, ТІЛШІ: Қазір жастар арасында электронды темекі трендке айналған. Оны шексең, түтін емес, бу шығады. Небәрі 8 секундта бу денеге тарап, миға жетеді. Елімізде 13-15 жас аралығындағы 140 мың жасөспірім осыған уланып жүр. Қызылды, жасылды, көлемі кішкентай, флешка немесе фломастер. Бұл оның - жасырын атауы. Шын мәнінде, өте қауіпті, бір реттік шылым. Соңғы жылда ұлдар арасында қызығушылық 3 есе, қыздарда екі есе артқан. Темірлан, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Мектепте оқып жүргенде темекі шегетінмін. Шылымды тастау үшін электронды темекіге көштім. Қазір 3 жылдан асты. Осыған енді тәуелдімін. Қайта-қайта шеккім кеп тұрады. Қанша рет тастауға тырыссам да, қолымнан келер емес. Электронды темекінің ішіндегі осы сұйықтық хош иіс береді. Ал бұл картридждің құрамында никотин аралас түрлі химиялық қоспалар мен тетрогидрокарбонинол бар. Ғалымдар зерттей келе оның анашадан жасалатынын анықтаған. Шеккен адамның қан тамырлары қысылып, түрлі ауруларға шалдығуы мүмкін. Тіпті бедеулікке әкеп соғады. Нұрлан СЕЙІТОВ, ДӘРІГЕР-УРОЛОГ: Ең бірінші бұл адамның қолқасына әсер етеді екен. Қолқасын қабындырады екен. Қолқасы артынан шеміршек болады екен. Ауа жұтатын нәрсе ғой. Соның кесірінен өкпеге оттегі бармайды. Пневмония аурулары, одан кейін оттегі жүрекке де, миға да бармайды. Барлық ағзада оттегі жетіспеуінен қиындықтар басталады. Бұл аппарат батарейкамен жұмыс істейді. Ал мынау картриджді қыздыратын кішкентай бөлшек денеде рак таяқшаларын оятады. Пластик қызғанда миды әлсіретіп, обыр ауруына әкеп соғады. Меруерт БАУЛЫ, ДӘРІГЕР-НАРКОЛОГ: Бір миф бар жастардың арасында, темекіге қарағанда электронды темекілердің зияны аз деген. Бұл дұрыс емес. Неге? Себебі, қарапайым темекіге қарағанда электронды темекіде 20 есе көп никотин бар. Олар өкпенің қабынуын, яғни астма, созылмалы өкпе жетіспеушілігіне, жүрек қан тамыр жетіспеушілігіне, мидағы тамырлардың тарылуына әкеледі. 21 жасқа толмағандарға темекі мен темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, кальянға арналған темекіні, кальян қоспасын сатуға және сатып алуға заңмен тиым салынған. бірақ, оған қарап жатқан ешкім жоқ. АСТАНА ҚАЛАСЫ ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ: Биыл электрондық тұтыну жүйелері мен сұйықтықтарды сату фактісі бойынша 8 құқық бұзушылық тіркелді, олар үшін ҚР Конституциясының Әкімшілік құқық бұзушылықтың 423-1-бабына сәйкес хаттама толтырылды. Оның алтауы кәмелетке толмағандар. Сүндет ОРАЛБЕКОВ, ТІЛШІ: Осы кішкентай ғана зат қаншама адамның ағзасын улап жатыр. Әу баста никотинге тәуелділікті жояды деп жарнамаланған электронды шылымның кәдімгі темекіден зияны тіпті көп екені күннен күнге дәлелденуде. Тәтті иіске мас болып, денсаулықтан айырылып жүрмеңіз. С. Оралбеков