Еліміздегі 13 облыстың мемлекеттік архиві 100% толған. Мұндай деректер Мәдениет және спорт министрлігі жариялаған реттеушілік саясаттың консультативтік құжатында келтірілген.«Бүгінгі таңда республика бойынша архив қоймалары жүктемесінің орташа көрсеткіші - 91,2%. 2022 жылы ол 88,2% болған еді. Бұл ретте 13 облыстың (Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, БҚО, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, СҚО, Түркістан, Абай) мемлекеттік архиві 100%-ға толған. Мысалы, Ақтөбе облысының мемлекеттік архиві 135% аузы-мұрнына дейін толды. Орта есеппен жыл сайын мемлекеттік архивтер 350-ден 400 мыңға дейін істі сақтауға қабылдайды. Мемлекеттік архив оқу залдары арқылы пайдаланушыларға 1 млн-нан астам іс беріледі. Мәселен, 2022 жылы мемлекеттік сақтауға 354 803 құжат қабылданды. Биыл 1 тоқсанда 71 139 құжат тапсырылды», - делінген есепте. Мәлім болғандай, Қазақстанда белгіленген мерзімнен артық уақыт сақталып тұрған 1 млн 724 мың 387 құжат бар. «Болашақта бұл құжаттар мемлекеттік архивте бос алаңдардың болмауына байланысты мемлекеттік сақтауға қабылданбауы мүмкін. Қалыптасқан жағдай ұлттық архив қорының және жеке құрамның сақталуына қауіп төндіреді», - деп мәселе көтерілген консультативтік құжатта.